Алып қашудың тараздық тәсілі: Әскери медтексеруден өткізу үшін студенттерді ұрлап әкеткен
Полициямен бірге із кескен ата-аналар ұлдарын қорғаныс істер департаментінен тапқан.Таразда сабаққа келген алпысқа жуық колледж оқушыларын шағын автобусқа тиеп, қорғаныс департаментіне алып кеткен, деп хабарлады 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Студенттерді емтиханға дайындықты желеу етіп оқу орнына жиналысқа шақырған. Кейін оларды автобусқа тиеп алып кеткен. Полициямен бірге із кескен ата-аналар ұлдарын қорғаныс істер департаментінен тапқан.
"Желкесінен ұстап бұл баланы неменеге сүйреп әкетіп бара жатыр? Ата-ана осыған қарсы. Бұлар, біріншіден, баланы ұрлап әкетіп отыр. Әшейін емес, ұрлап, алдап әкетіп отыр. Ата-анасына еш ескертпеген" – деді ата-аналардың бірі Сейіт Нұраханұлы.
Оқи отырыңыз: Курсант әскери оқу орнын аяқтамаса, әскерге шақырыла ма?
Көктемгі, күзгі төрт айлық әскерге шақырту маусымына Жамбыл облысынан жылына 3 мың азамат баруы тиіс.
"Балалар медициналық комиссиядан өтті. Медициналық комиссиядан өткеннен кейін қайтарылды. Ал балаларды бұл жаққа кім әкелді деген сұраққа жауап бермеймін", – деді Жамбыл облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары Ерлан Маханов.
Қорғаныс департаментіне жеткізілген оқушылардың арасында әскерге баруға келіскен студенттер қолына шақырту қағазын алып кетті. Олардың соңғы емтиханды ерте тапсыруы үшін департамент басшылары оқу орнына өтініш жібермек.