"Алтын Орда" базарындағы заң бұзушылықтар әлі тыйылмай тұр
Сәуір айында Алматы облысындағы ең ірі базардың басшылығы ауысқан болатын.2022 жылғы ақпан айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел үкіметі мен Алматы облысының басшылығына "Алтын орда" базарын тәртіпке келтіру туралы берген тапсырмасынан кейін базар жұмысына ауқымды тексеру жүргізіліп жатыр. Соның барысында сәуір айында базар басшылығы ауысты.
Дегенмен, сауда орнында заң бұзушылықтарының тыйылмауына байланысты бүгін қоғам белсенділері Нұр-Сұлтан қаласында арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, мәселеге қоғам мен ел басшылығының назарын аударды.
Заңгер Дәурен Ғабдулдың айтуынша, қазір базарды көршілес елдерден келген белгілі бір топтар бөлшектеп алып, өз билігімен жұмыс жүргізіп отыр. Оған қоса, базар ішінде ұрылар саны күрт артып, астыртын әрекеттері арқылы қолдан қымбатшылық тудырған.
Оқи отырыңыз:
- Президент тапсырма берсе де, "Алтын Орда" базарында әлі тәртіп орнаған жоқ
- "Алтын Орда" базарындағы заң бұзушылық 1,6 млрд теңгеге бағаланды
Мұндай заңсыздықтарға базардың қазіргі қожайыны жол беріп, қатаң тәртіп орната алмай отырғанына шағымданған саудагерлердің жанайқайын жеткізген заңгер бұл мәселелердің бәрі айналып келгенде тауар бағасының қымбаттауына әкелетінін алға тартады.
"Алтын Орда" – шағын сауда орны емес, бұл ірі логистикалық торап. Ол Алматы облысы мен Алматы қаласының тұрғындарын тауармен, азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Кемі 3 миллион адам осы базардан тұтынады. Сондықтан, базар дұрыс жұмыс істемесе, ол тауар құнына, жеп отырған нанымыз бен етіміздің бағасына теріс ықпал етеді", – деп атап өтті заңгер Дәурен Ғабдул.
Заңгер, сондай-ақ саудагерлердің елордадағы экономикалық тергеу департаментінің бұрынғы қызметкері Еркебұлан Хамзин есімді азаматтың басқарушы компанияның құрылтайшылары құрамына қалай кіргенін түсінбей отырғанын да жеткізді.
Еске салайық, мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін ауысқан базардың жаңа басшылығы делдалдардың ықпалынан туындап отырған қымбатшылықты жойып, базарда тәртіп орнатуға уәде берген болатын. Дегенмен, арада үш ай өтсе де, мәселе әлі шешімін таппады.