Алтын өндіретін зауыт кінәлі ме? Шығыс Қазақстандағы Маралды ауылында мал қырылып жатыр
Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылында мал қырылып жатыр. Тұрғындар алтын өндіретін зауытта қолданылатын қауіпті қоспадан төрт түлік жаппай уланған дейді. Өйткені он шақты өлексе өндіріс ошағының маңынан табылған екен, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Көпшілік химиялық ертінді адамдардың да денсаулығымызға зиян келтіре ме деп алаңдайды. Сондықтан кәсіпорынның жұмысына тез арада тексеріс жүргізуді талап етіп отыр.
Бұл - Маралдыдағы алтын өндіретін зауыт маңында жайылып жүрген бұзаудың күйі. Әбден әлсіреп, әзер тұрған сиырдың төлін тұрғын байқаған екен. Жұрт өндіріс орнының айналасында жайылып жүріп арам қатқан он шақты бұзаудың өлексесін тапқан. Бұл төрт түлік бағып күнелткен көпшіліктің үрейін одан сайын ұшырды. Тұрғындар малдың зауыттағы алтынды еріту үшін қолданылатын цианидке уланғанына сенімді. Айтуларынша қоспаның түйіршіктері желмен ұшып, ауаға жайылып жатыр. Өйткені зауыттан шыққан өткір иістен демалу мүмкін емес дейді.
Тұрғындар жауаптылар бұл жағдайды жасырғысы келіп отыр деп күйінеді. Өйткені мамандар сынама алған соң өлекселерді бірден өртеп жіберген екен. Малымыз жаппай қырылып жатыр деп дабыл қаққан халықты тыңдауға аудан әкімі де келді. Шенеунік мәселенің мән-жайын анықтау үшін зертханалық тексеріс басталғанын жеткізді.
"Комиссия жұмыс істеді. Кеше тұрғындар оны көрді. Енді 7 күннен кейін, қорытынды шыққаннан кейін белгілі болатын болады. Егер ауру шығып, мемлекет тарапынан қайтарылатын тізімде бар болып шықса, онда малдар қайтарылады. Егер уланған тағы сондай болса, онда құзырлы органдар әрі қарай зерттеу жүргізеді", – деді Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлібеков.
Ал Маралды ауылының жұрты өлекселерді тексеруге уақыт өткізбей, зауыт жұмысын бақылауға алуды талап етеді. Өйткені өлексе күн сайын көбейе ме деп алаңдайды. Оған қоса, улы қоспа адамдардың денсаулығына да кері әсірін тигізуі мүмкін. Кәсіпорын өкілдері болса сұхбат беруге құлықсыз.