25 қазанда Алматыдағы "Сұңқар" халықаралық шаңғы трамплинінде әлемдегі экстремалды жарыстардың бірі – жоғары қарай 400 метрлік жүгіру жарысы өтеді.

Red Bull 400 аталған бұл жарыс Алматыда екінші мәрте өтеді, бұған дейін алматылықтар 2019 жыл көктемде эктремалды шоудың куәсі болған еді. 

Жалпы, трамплинмен кері қарай, яғни төменнен жоғары қарай жарысу алғаш Австрияда 2011 жылы өтсе, кейін мұндай жарыстар әлемде кеңінен тарап кетті. Қазақстанда алғаш рет 2019 жылы Алматыда ұйымдастырылса, кейін Ақмола облысының Щучинск қаласында Red Bull 400 Burabay өткізілді.

Биылғы жарысқа 16 жастан асқан ерлер де, әйелдер де қатыса алады. Сондай-ақ, эстафетаға қатысу үшін команда жинақтауға да болады. Мұндай командада кемі бір әйел адам болуы шарт. Сондай-ақ, жарысқа қатысушылар медициналық тұрғыда денсаулық жағдайының жақсы екенін растауы керек. 

Жарыс жеңімпаздары арнайы сыйлықпен марапатталса, 1-3 орын алғандар мен эстафета жеңімпаздары ақшалай сыйлыққа ие болады. Жарысқа Red Bull 400 ресми сайтында тіркелуге болады.