Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына бақылау күшейтілді. Бұл жұмыс Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі. 

Баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және тиімсіз делдалдарды жою мақсатында қаладағы бірқатар мемлекеттік органдар бірлескен мониторинг жүргізді.

"Іс-шараға Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті, Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы, Мемлекеттік кірістер департаменті, Экономикалық тергеп-тексеру қызметі және аудан әкімдіктері қатысты. Мониторинг барысында қаланың ең ірі көтерме базарларының бірі — "Барыс-4" базары тексерілді. Нәтижесінде көтерме саудамен айналысатын 9 делдал анықталды. Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты хронометраждық тексеру жүргізіп жатыр", – делінген хабарламада.

Тексеру аясында кәсіпкерлер мен базар әкімшілігіне сауда заңнамасының талаптары түсіндіріліп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Негізгі назар әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15 пайыздан аспайтын сауда үстемесін сақтау және баға белгілерінің ашық әрі дұрыс рәсімделуіне аударылды.