Алматының Бостандық ауданындағы 155 көшеге жарық 1 қазанға дейін беріледі
Ауданда "Алмагүл" жерасты станциясы салынып жатыр.Алматы қаласының Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов күздің ортасына дейін барлық көшені жарықпен қамтамасыз етуге уәде берді:
"Жарықпен қамтамасыз ету, расымен де, ауданымыз үшін өткір мәселе болып отыр. Баяндамамда түгендеу жұмыстарының жүргізілгені туралы айттым. Түгендеу барысында жарық берілмей отырған 155 көше барын анықтадық. Бұл – негізінен бізге қосылған территориялар. Мұнымен қатар, өкінішке орай, "Үлкен Алматы" өзенінің жағасында кей учаскеде жарық жоқ. Қала әкімінің тапсырмасымен бұл жұмыстарды жүргізуді әлдеқашан бастап кеттік. 1 қазанға дейін осы 155 көшеге жарық беріледі".
Кей учаскеде түрлі апат болып, жарық сөніп қалатын кездер болады. Тиісінше, көшеде де жарық болмайды.
"Осы орайда "Алматы Қала Жарық" компаниясымен бірге қазір түгендеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Осы мәселе бойынша хабарласқан тұрғындарға да бірден жауап беріп отырмыз. Қазір ауданымызды жерасты "Алмагүл" станциясының құрылысы жүріп жатқанын білесіздер. Ол іске қосылған кезде жарықтың жиі өшуі тоқтайды деген үміттеміз", – деді аудан әкімі.
Мұнымен қатар, әкім бағдаршам жеткіліксіздігі мәселесіне тоқталды. Осы орайда ол журналистер мен тұрғындар айтқан жерге қалалық мобильділік және әкімшілік полиция басқармасымен бірге барып көруге уәде берді.