Алматыдан Ыстықкөлге қысқа жол: Қашан және кімнің қаржысына салынады
Алматы – Шолпан ата бағытындағы жол ақылы болады.Алматы мен Ыстықкөл арасында ұзындығы 260 шақырым болатын жол құрылысы 2030 жылға қарай аяқталуы мүмкін. Бұл туралы Азия даму банкіне сілтеме жасаған қырғызстандық Economist басылымы хабарлады.
Басылымның жазуынша, алдын-ала мәліметтерге сәйкес, жоба құны 140-150 миллион долларға тең. Оның 20 пайызын жеке серіктес қаржыландырса, қалған 80 пайызы қарыз қаражатын құрайды.
Шығынның 59,4 пайызын Қазақстан көтеретін болса, қалған 40,6 пайызы – Қырғызстанның мойнында. Азия даму банкінің есебінше, бұл жоба жүзеге асқанда Қырғызстан Қазақстанға қарағанда көбірек экономикалық пайда көреді. Өйткені, бұл Ыстықкөлге баратын туристер ағынын арттырады, сәйкесінше өңірде туризм мен сауданың дамуына үлес қосады.
Сондай-ақ, жоба бойынша, жол ақылы болады. Жолдың жаңадан салынатын 88 шақырымдық бөлігін (картада көрсетілген) басқару жеке серіктеске 20 жылға беріледі. Әзірге жол ақысы қанша болатыны айқындалмаған.
Еске салайық, Ұзынағаш пен Кемин арқылы Шолпан-Атаға баратын жаңа жол 260 шақырымды құрайды. Ал қазіргі Бішкек арқылы өтетін жолдың ұзындығы – 460 шақырым, тиісінше, жаңа маршрут жол жүру уақытын екі есе қысқартады.
Оқи отырыңыз:
- Алматыдан Ыстықкөлге тау арқылы жеткізетін қысқа жол қашан ашылады
- Ыстықкөлге баламен бару үшін оның паспорты болуы керек. Туу туралы куәлігі жарамайды