Алматыда апатқа ұшыраған №18 автобустың ішінде болған жолаушылардың 25-і зардап шекті, деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.

Бір адам жедел жәрдем қызметі келгенше қайтыс болды. 

Баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккен жолаушылардың екеуіне жол апаты болған жерде медициналық көмек көрсетіліп, амбулаторлық емдеуге жіберілді. 

"Қалған 22 адам қалалық ауруханаларға жеткізілді. Бәрінің жағдайы – орташа ауыр. Олардың арасында 14, 15 және 16 жастағы үш жасөспірім бар. Бір баланың тізесі мен іші көгерген, екіншісіне мұрын сүйегінің жабық сынуы, ал үшінші жасөспірімге оң аяғының жабық сынығы диагнозы қойылды", – делінген хабарламада.

Қазір науқастар қажет ем-дом алып, қосымша тексеруден өтіп жатыр. 

"Содан кейін кімге стационарлық ем қажет екені, кімнің тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емделуге жіберілетіні белгілі болады. Жарақат алған барлық науқасқа қажет медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі", – деді ведомстводан.

Еске салайық, бұған дейін Алматының орталығында автобус пен жеңіл көліктің соғылғаны туралы жазған едік. Полиция адам өліміне әкелген апат бойынша қылмыстық іс қозғап, тиісті сараптамалар тағайындады.