Алматы әкімінің қаулысы және мәслихатының шешімімен Алматының Бостандық ауданындағы аты жоқ скверге Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемел Ататүріктің есімі беріледі. Сквер әл-Фараби даңғылының оңтүстігі, Сейфуллин даңғылының шығысында, Халық банкі мен Almaty Theatre театры ғимараттарының арасында орналасқан. 

Алматы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің мәліметінше, мұндай шешім Түркия Республикасының 100 жылдығына орай қабылданған. 

Скверде, сондай-ақ Мұстафа Кемел Ататүріктің ескерткіші қойылады. Оны 3 қарашада Астанада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті қарсаңында ашу жоспарланып отыр. 

"Халық пікірін ескере отырып, бірлескен Алматы қаласы мәслихатының шешімі және Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен скверге "Ататүрік сквері" атауы беріледі", – делінген Алматы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің түсіндірме жазбасында.


Оқи отырыңыз: Әлемде Абайға арналған қандай ескерткіштер бар?