Алматыда жыл басынан бері самокат жүргізушілері жол ережесін 7 500 рет бұзған
Алматы полициясы жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады.Алматы қаласында самокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті, деп хабарлады Polisia.kz.
"Қала тұрғындарының жайлы және қауіпсіз өмір сүруінің маңызды факторы – жол қауіпсіздігі. Алматы полициясы профилактикалық іс-шараларды күшейтті, оның басты мақсаты – оған қатысушылар арасында жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылауды күшейту және жол-көлік оқиғаларын азайту", – делінген хабарламада.
Қала тұрғындары арасында баламалы көлік түрлері, соның ішінде самокаттар әлі де сұраныста. Алматы жолдарында олардың 50 мыңнан астамы бар, сәйкесінше жол-көлік оқиғасы да көбейген. Алматыда жыл басынан бері самокат жүргізушілерінің жол жүру ережесін бұзуына қатысты 7 500 әкімшілік хаттама толтырылған.
Биыл самокаттардың қатысуымен 38 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 42 адам зардап шекті.
Қаза болғандар жоқ.