Алматыда жаңа туған сәбилерді сатқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Бұл қылмыстық схема кейінгі бірнеше жыл бойы әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастырылып келген.

"Негізгі мақсаты – әлеуметтік жағынан осал топтағы әйелдерден, соның ішінде шетел азаматтарынан туған сәбилерді сатып алуға ниетті адамдарға заңсыз жолмен беруді ұйымдастырған. Жедел іс-шаралар барысында жаңа туған ұл баланы қомақты ақшаға сату әрекеті құжатталған. Ақша беру кезінде күдіктілер қылмыс үстінде ұсталды. Сәби мемлекет қамқорлығына беріліп, тиісті мекемеге орналастырылды", – делінген хабарламада.

Қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды. 

"Басқа өңірлерде де осыған ұқсас эпизодтардың болған-болмағаны тексеріліп жатыр. Бұл бір реттік әрекет емес. Мұнда тұрақты, тіпті өңіраралық байланыстары бар тізбектің бар болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз", – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатов. 

Барлық қатысы бар адамды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.