Алматыда жаңа метро желісі қайда салынатыны белгілі болды
Екі жолақты желінің ұзындығы — 14 км.Жерасты көлігіне сегіз станция қосылады және қала орталығы әуежайға жалғанады, деп жазады Kolesa.kz.
Жобаның техникалық құжаттамасында көрсетілгендей, жаңа метро желісі жерасты арқылы өтеді және "Жібек Жолы" станциясынан Гоголь көшесі бойымен Орталық мәдениет және демалыс саябағына дейін созылады, содан кейін Шығыс айналма жол арқылы Құлжа тасжолына өтеді де, әуежайға қарай бұрылады.
Бұл желінің станциялары келесі мекенжайларда орналасады:
- № 1 — "Жібек Жолы" станциясының жанында, Назарбаев даңғылының шығысында, бірінші желіге ауысуға болады;
- № 2 — Орталық мәдениет және демалыс саябағының маңында;
- № 3 — Құмай көшесінің Шығыс айналма жолмен қиылысқан жерінде;
- № 4 — "Халық Арена" спорт кешенінің жанында;
- № 5 — "Жетісу" базарының қарсысында, "Восточный" торабының аумағында;
- № 6 — "Апорт-2" сауда орталығы мен автосалонның жанында;
- № 7 — Нұршашқан ықшамауданының маңында;
- № 8 — Әуежайдың жанында.
- электродепо — 7-станцияның солтүстігінде.
Екі жолақты желінің ұзындығы — 14 км.
Қазір жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге конкурс жарияланды. Негіздеме 2025 жылғы қыркүйекке дейін аяқталуға тиіс. Жаңа метро желісінің құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін. Сол уақытта құрылысшылар қазіргі желіні "Алтын Орда" базарына дейін созу жұмыстарын аяқтайды.