Алматыда Райымбек көшесі, 196 мекенжайындағы ғимарат пен 50 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлады қалалық прокуратура.

Бұған дейін жедел медициналық жәрдем қызметі пайдаланған нысан Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың тұсында жекешелендірілді. 2023 жылдың 27 қарашасында мегаполистің экономикалық соты Храпуновтың бұл шешімін жарамсыз деп танып, 15 ақпанда сот шешімі заңды күшіне енді.

Виктор Храпунов 1997 жылдың 16 маусымынан 2004 жылдың  9 желтоқсанына дейін Алматы қаласының әкімі болды. Осыдан кейін Храпунов екі жылдан сәл астам уақыт Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарып, 10 айға жуық Төтенше жағдайлар министрлігін басқарды, содан кейін қызметінен босатылып, Швейцарияға эмиграцияланды.


Оқи отырыңыз: Алматыда 700 млн теңгеге заңсыз сатылған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды


2018 жылы ерлі-зайыпты Храпуновтар ұрлық, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, алаяқтық, пара алу және ақшаны жылыстату үшін мүлкін тәркілеп, 17 және 14 жылға сырттай сотталған.