Халықаралық қытай тілі күніне орай Қытайдың Алматыдағы бас консулдығы мен Қазақстанның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы Алматының орталық саябағында ауқымды мерекелік шаралар ұйымдастырды. Оның аясында қала тұрғындары Қытай тілі, мәдениеті және дәстүрлерімен танысты. 

Ұйымдастырушылар шараның барынша қызықты өтуі үшін түрлі форматты таңдаған. Мереке қытайдың дәстүрлі киімін таныстыру рәсімі – "Шоу ханфудан" басталса, қонақтар, сондай-ақ "Мен үйге желмен бірге оралғым келеді" қойылымын тамашалап, "Бадуаньцзинь" аталатын ежелгі гимнастика флешмобына қатысты.

Алматылықтар шара аясында иероглифтерге негізделген жұмбақтарды шешіп, қытай шахматын ойнап үйренді. Дәстүрлі бет сәндеу өнерімен танысып, шығыс күнтізбесі бойынша түрлі ойындарға қатысты. 

Сонымен қатар, қытай тілін үйренемін деушілерге қазақстандағы бес қытай тілі орталығы (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Конфуций орталығы, Абылай хан атындағы ҚХҚӘТУ жанындағы Конфуций орталығы, Халықаралық қазақ-қытай тілі институты, Laoshi білім беру орталығы және Chinaline education қытайша білім беру орталығы) өз қызметтерін таныстырды. 

Фото: Қытайдың Алматыдағы бас консулы Вэй Цзяннің Facebook парақшасы

"Шараға қатысқан қала тұрғындары көп болды. Бұл шара Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени диалогтың күшеюіне серпін беретініне сенімдімін. Алматыдағы қытай тілінің халықаралық күні қазақстандықтар арасында қытай тілі мен мәдениетіне деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Мұндай бастамалар бізге өте қажет", – деді Қытайдың Алматыдағы бас консулы Вэй Цзян


Оқи отырыңыз: Қытайдың орталық телеарнасы Қазақстан туралы жаңа деректі фильм түсіріп жатыр