Алматыда көппәтерлі тұрғын үйлердің шатырларын қар мен мұздан уақытылы тазалау жұмыстарына бақылау күшейтілді. Қыс мезгілінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті кондоминиум нысандарын басқарушы ұйымдарға жүктелген. Бұл туралы қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен тұрғын үй инспекциясының мамандары хабарлады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ПИК, МИБ және басқарушы компаниялар тұрғын үйлер мен оған іргелес аумақтың санитарлық және техникалық жағдайын тиісті деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. Міндетті жұмыстар қатарына шатырларды, кіреберіс маңындағы қалқаларды, су ағар жүйелерін және ортақ мүліктің басқа да құрылымдарын қар мен мұздан жүйелі түрде тазалау кіреді.

"Мұз сүңгілері мен шатырда жиналған мұз қабаттары тұрғындар үшін қауіпті. Осыған байланысты тазалау жұмыстары уақытылы жүргізіліп, қауіпті аймақтар қоршалып, тұрғындарға алдын ала ескерту жасалуға тиіс. Барлық жұмыс қауіпсіздік техникасының талаптарына сәйкес орындалуы қажет. Егер басқарушы ұйымдар бұл міндеттерді орындамаса, жауапкершілік олардың төрағасына немесе қызмет көрсетуші ұйымға жүктеледі. Азаматтар өз құқығын заңнамада белгіленген тәртіппен, соның ішінде сот арқылы қорғауға құқылы", – делінген хабарламада.