Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмыстары күшейтілді. Қалалық әкімдік жанындағы "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ("Алматы" ӘКК) құс және қант өнімдерін өндірушілермен жаңа келісімдер жасап, бірқатар тауардың бағасын ұзақ мерзімге бекітті.

ӘКК мен "Алатау-құс" компаниясы арасында жасалған форвардтық қарыз шарты аясында 30 фирмалық дүкенге 358,8 тонна тауықтың сан еті жеткізіледі. Өнімнің бөлшек бағасы – 1650 теңге/кг, тұрақтандыру мерзімі – 24 ай. Бұған дейінгі келісім бойынша компания сан еті мен жамбас етін 1100 теңгеден саудалап келген.

Сонымен қатар ӘКК жергілікті өндірушілерден 4500 тонна қант сатып алып, ірі сауда желілерінде оның бағасын шектеуді қамтамасыз етті. Өндіруші бекіткен баға – 405 теңге/кг, дүкендердегі үстемақы 10%-дан аспайды. Бұл шаралар 2025 жылдың қарашасына дейін жалғасады.

"Бұдан бөлек, биыл наурызда "Алматы" ӘКК мен Magnum Cash&Carry арасында әлеуметтік маңызы бар 11 түрлі өнімнің бағасын тұрақтандыру туралы келісім жасалды. Тізімге қарақұмық, макарон, күріш, май, айран, сары май, сүт, тауық еті, ұн, сиыр еті және ас тұзы енгізілген. Бағаның тұрақтандыру мерзімі – 2026 жылға дейін. Ал жұмыртқа бойынша "Сары-Бұлақ" компаниясымен 2024–2027 жылдарды қамтитын ұзақмерзімді келісім іске асып жатыр. Келісім аясында 86,4 млн дана бірінші санаттағы жұмыртқа өндіріледі. Өндіруші белгілеген баға – 51 теңге, ал дүкендердегі үстемақы 15%-дан аспайды", – делінген хабарламада.

Қала тұрғындары үшін тағы бір мүмкіндік – демалыс күндері өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Онда әлеуметтік маңызы бар өнімдер базар бағасынан 15–20% арзан сатылады. Жәрмеңкелер Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу және Жетісу аудандарында ұйымдастырылады.