Алматыда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар саны артты
Алматыда тәулік бойы қызмет көрсететін кітапханалар желісі кеңейіп келеді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Бастама мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаланы "ешқашан ұйықтамайтын" мегаполиске айналдыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Ақпан айынан бастап тағы екі қалалық кітапхана — Әуезов ауданындағы Қазақстан жазушылары кітапханасы мен Бостандық ауданындағы Алматы Кітапханаларының филиалы 24/7 режимінде жұмыс істей бастады. Осылайша, Алматыда тәулік бойы ашық кітапханалар саны бесеуге жетті. Бұған дейін Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы, Alatau Creative Hub орталығы және Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана тәулік бойы қызмет көрсету форматына көшкен болатын", – делінген хабарламада.
Қазақстан жазушылары кітапханасы Алматы қаласының 11-шағынауданында, Алтынсарин даңғылы бойындағы №37 үйде орналасқан. 1962 жылы ашылған бұл мәдени ошақ Әуезов ауданындағы жетекші зияткерлік орталықтардың бірі саналады. Кітапхана қорында 40 мыңнан астам кітап бар, ал жыл сайын 145 мыңға жуық келуші қабылдайды. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған жұмыс орындары, электронды оқу залы, RFID жүйесі және Almaty-library ақпараттық платформасы қолжетімді.
Алматы Кітапханаларының Бостандық ауданындағы филиалы Розыбакиев көшесі, 247 үй, 7-блок мекенжайында орналасқан. Кітапхана қорында шамамен 20 мың кітап бар. Оқырмандар үшін жоғары жылдамдықтағы интернет, Wi-Fi, өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары және RFID қақпалары қарастырылған.
Кітапханалардың тәулік бойы жұмыс істеуі қала тұрғындарына білім алу, өзін-өзі дамыту және мәдени демалысты өздеріне ыңғайлы уақытта ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Алматыда 30 қалалық кітапхана жұмыс істейді. 24/7 форматты кеңейту — кітапхана желісін жаңғырту мен мегаполистің мәдени ортасын дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігі.