Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай желтоқсан ұйымдарының өкілдері арнайы медальмен марапатталды
Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бойынша "Желтоқсан" ұйымының өкілдері Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай арнайы медальмен марапатталды. Сонымен қатар, ел дамуына үлес қосқан қоғам қайраткерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Салтанатты жиынға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев және ел егемендігін алған кезде лауазымды қызметте болған тұлғалар қатысты.
Осыдан тура 30 жыл бұрын Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы жерде алғаш рет ант берген еді. Бүгін бұл сахнада мемлекеттің осы уақыт аралығында жеткен жетістігі айтылып, бағындырған белестері сөз болды.
"Осындай елеулі істе және ұлт тәуелсіздігін нығайту мақсатында өткенімізді саралап, кешегімізге қарап, ертеңімізге көз тастаған Елбасы, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі айрықша құрметке ие", – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Салтанатты шараға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев арнайы келіп, Алматы азаттық алған сәттен бастап осы күнге дейін қарқынды дамығанын атап, қаланың маңыздылығына тоқталды.
"Алматы әлі күнге дейін ең үлкен әрі әсем шаһар. Мәдени, ғылыми, қаржы, сауда және туристік орталығымыз. Сондықтан қай кезде де еліміз үшін Алматының жөні бөлек, орны ерекше болып қала береді", – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Айтулы датада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай желтоқсан ұйымдарының өкілдері арнайы медальмен марапатталды.
"Бұған дейін негізі 10 жылдықтан басталған. Әрбір мерейлік тойда баршасы марапатталып жатыр. Енді тек халқымызға, жастарымызға алғыс айтамыз", – деді "Тәуелсіздік қырандары" қозғалысының төрайымы Гүлбахрам Жүніс.
Жалпы, саяси және тарихи оқиғалардың орталығы Алматыда бүгін 100-ден астам қоғам қайраткері мемлекеттік награда алып, құрмет грамотасымен марапатталды.
Материал Алматы әкімдігінің қолдауымен дайындалды