Алматыда екі тұрғын үй кешенінің құрылысы заңбұзушылыққа байланысты тоқтатылды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Жұмыс сапары барысында Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов халықаралық әуежай маңындағы бірқатар тұрғын үй кешендерінің құрылыс барысын тексерді. Тексеру нәтижесінде Bastion тұрғын үй кешенінің құрылысы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органдардың тиісті келісімінсіз және рұқсатсыз жүргізіліп жатқаны анықталды.

Қала әкімдігі мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әуеайлаққа жақын аймақтарда және күзет аймағы радиусында ғимараттардың қабат санына шектеулер қойылады. Бұл аумақта салынып жатқан барлық нысан міндетті түрде уәкілетті органдармен келісім алуға тиіс.

"Мұндай құжатсыз біз құрылысты тоқтатамыз, қажет болған жағдайда нысан сүрілуі де мүмкін", – деді Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов.

Сонымен қатар, Dream City Tech тұрғын үй кешенінде құрылыс салушы қасбетті тиісті келісімсіз қаптай бастағаны белгілі болды.

Әкім орынбасары "Шығыс қақпасы" полиорталығы аумағындағы барлық құрылыс нысандары бекітілген бірыңғай сәулеттік тұжырымдамаға қатаң сәйкес келуі тиіс екенін атап өтті. Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты аталған екі тұрғын үй кешенінде де барлық құрылыс жұмыстары тиісті рұқсаттар алынғанға дейін уақытша тоқтатылды.