Алматыда Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған Qustar шоуы өтеді
16-17 қыркүйегінде Алматы қаласындағы Республика сарайында қазақ музыкасының алып тұлғасы, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған ерекше мультимедиялық шоу – "Qustar" атты жоба тұңғыш рет көрерменге жол тартады.
Qustar – жай концерт емес, ұлттық мұраны жаңа қырынан танытатын, Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына негізделген, жарық, музыка және хореография тоғысқан 55 минуттық өнер туындысы.
"Бұл қойылым Нұрғиса Тілендиев туралы емес, оның құрметіне арналған туынды. Біз бұл арқылы әсіресе жастарға жаңа рухани бағдар беруіміз керек деп ойладық. Жобада канадалық композитор Дмитрий Вареластың музыкасы, Үндістанның Мумбай қаласындағы Symphony Orchestra of India оркестрінің орындауы, пластикалық театр шебері Анна Верденің режиссурасы мен хореографиясы, скрипкашы Марат Бисенғалиевтің шеберлігі, хор және ұлттық аспаптардың үйлесімді үндестігі бар", – деді жобаның бас продюсері Қайрат Көлбаев.
Шоу авторлары мемлекеттік қолдаусыз, өз бастамасымен жобаны жүзеге асырып отыр. Олар Нұрғиса Тілендиевтің қызы Динзухра Тілендиеваның сенімі мен қолдауы үшін алғыстарын білдірді.
"Мен бала күнімде әкеммен бірге Нұрғиса атамыздың концерттеріне жиі баратынмын. Ол кісі – нағыз аңыз. Бұл жолы Алматыда Үндістан симфониялық оркестрі алғаш рет өнер көрсетеді. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Qustar жобасынан үлкен үміт күтемін, өйткені халықаралық мамандармен жұмыс істеу – тың идеяларға жол ашады", – деді жобаның көркемдік жетекшісі Марат Бисенғалиев.
Айта кетейік, Symphony Orchestra of India биыл өзінің 20 жылдығының аясында алғаш рет Қазақстанда өнер көрсетеді.
Qustar жобасы бұнымен тоқтап қалмайды. Шоудың студиялық жазбасы аяқталып, жақын арада танымал цифрлық платформаларда жарық көреді. Сонымен қатар, винил форматында альбом шығару және бірнеше елде гастрольдік тур өткізу жоспарланған.