Алматыда лифтіде дәрет сындырған ер адам қамауға алынды
Алматыда көпқабатты үйлердің бірінің лифтісінде дәрет сындырған ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Әлеуметтік желіде тараған видеода орта жастағы ер адамның лифт ішінде қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны көрінеді. Оқиға қоғамда үлкен наразылық тудырған.
Полицияның мәліметінше, құқық бұзушы жедел түрде анықталып, ұсталған. Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
"Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік соты шешімімен ер адам бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды", – делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін ескертіп, қоғамдық тәртіпті бұзғандар Қазақстан заңнамасына сәйкес міндетті түрде жауапқа тартылатынын мәлімдеді.