Акушер-гинеколог екпені жүктіліктің ІІ, ІІІ триместрінде ғана салдыруға кеңес берді
Маманның айтуынша, Covid-19 нәрестеге ана сүті арқылы жұқпайды.Алматының перинаталдық орталығында биыл КВИ жұқтырған 279 жүкті әйел бақылауда болды. Осы орайда, қоғамдық денсаулық басқармасы перинаталдық орталығының акушер-гинекологы Әсел Омаркұлова жүкті әйелдердің ағзасы суық тиюге, жұқпалы ауруларға, оның ішінде КВИ-ге аса сезімтал болатынын айтты. Сондай-ақ, ол екпені жүктіліктің тек ІІ, ІІІ триместрінде салдыруға кеңес берді.
2021 жылы Алматы қаласының перинаталдық орталығының инфекциялық бөлімінде 279 жүкті әйел мен 8 жаңа туған нәресте емделді. Мұнымен қатар, 191 әйел босанды. Дәрігерлер 22-ден 33-ші аптаға дейінгі босану қаупі жоғары әйелдермен жұмыс жасады.
"Жүктілік кезінде өсіп келе жатқан нәресте әйелдің өкпесі мен жүрегіне қысым жасай бастайды. Бұл өз кезегінде қан айналымын қиындатады. Егер болашақ ана COVID-19-бен қатты ауырса, бұл оның жағдайын нашарлатып, тыныс алуын қиындатады. Мұндай жағдайларда дәрігерлер әйелді ауруханада өте мұқият бақылайды. Әдетте, мұндай науқастарда тыныс жетіспеушілігінің тез дамуы, түсік түсіру және мерзімінен бұрын босану қаупінің жоғарылауы байқалады", – деді гинеколог.
Акушер-гинеколог Әсел Омаркұлова жеке тәжірибесінде екпе алған жүкті әйелді кездестірмегенін айтады. Мұнымен қатар, ол ана сүті арқылы нәрестелерге антиденелердің берілетініне тоқталды.
"Жүктіліктің бірінші триместрі – ұрықтың, болашақ нәрестенің ағзасының түзілу уақыты, яғни өте маңызды кезең. Органогенез кезеңінде ешқандай дәрі-дәрмек, екпе алуға кеңес бермейміз. Себебі, бұл физиологиялық процеске кері әсер етуі мүмкін. Жүктілікті алдын ала жоспарлаған дұрыс. Жалпы жүктіліктің екінші, үшінші триместрінде ғана вакцина салдыруға кеңес береміз", – деді маман.
Еске салсақ, гипертензия, қант диабеті және семіздік ауруы барлар коронавирусты ауыр өткеріп жатқаны туралы хабарланған еді. Қоғамдық денсаулық басқармасының орталық қалалық клиникалық ауруханасында 500-ге жуық науқас ем алуда.