Алматының Наурызбай ауданында полиция қызметкерлері қоғамдық көліктің бақылаушысына пышақпен шабуыл жасаған 38 жастағы ер адамды ұстады. 
Қылмыс қоғамдық көліктің соңғы аялдамасында болған.

Қоғамдық көліктің бірінің бақылаушысы өтіп бара жатқан адамға белгіленбеген жерде темекі шекпеу туралы ескерту айтқан, салдарынан ер адамдар арасында жанжал шыққан. Содан кейін өтіп бара жатқан адам автобусқа жүгіріп кіріп, қарсыласын пышақтап кеткен. Жәбірленуші ауруханада. 

"Жедел жәрдем бригадасы қоғамдық көліктің бақылаушысын шұғыл түрде ауруханаға жеткізді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті "ізін суытпай" ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды" – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қуатбек Науатов.

Қылмыстық қару – асхана пышағы тәркіленген. Енді күдікті тапа-тал түсте неліктен асхана пышағын ұстап жүргені, қылмысқа баруға не итермелегені анықталатын болады.