Алматыда Байқадамов көшесіндегі көлік қозғалысы қыркүйектің ортасына дейін шектеледі
Қозғалыс екі бағытқа да жабылады.Алматыда 12 маусым мен 15 қыркүйек аралығында Бостандық ауданындағы Байқадамов көшесі бойынша Розыбакиев көшесінен Гагарин даңғылына дейін, сонымен қатар Радостовец көшесінде Байқадамов көшесінен Журавлев көшесіне дейін көлік қозғалысы шектеледі, деп хабарлады "Алматы жылу желілері" ЖШС.
1984 жылдан бастап пайдалануға берілген, жалпы ұзындығы 1 220 метр құбырды қайта жаңарту аумағында жоспарлы жұмыс жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытша шектеулер енгізіледі.
"Бұл құбыр 97 көппәтерлі тұрғын үйді, 12 жеке үйді, төрт балабақшаны, екі денсаулық сақтау нысанын және 27 өзге де нысанды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Аталған аумақтағы тұтынушыларға реконструкция кезінде ыстық су беру тоқтатылмайды. Уақытша қолайсыздыққа түсінікпен қарауды және көрсетілген учаскені айналып өту жолдарын алдын ала қарастыруды сұраймыз", – делінген хабарламада.