Алматы қаласында Мемлекет басшысының 2,5 миллион ағаш егу жөніндегі тапсырмасын іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, көгалдандыру бағдарламасы 2030 жылға дейін есептелген. Қазіргі таңда жоспарланған жұмыстардың шамамен 50 пайызы орындалған. Келесі кезеңде қала аумағында қосымша 1,3 миллионға жуық ағаш пен бұта отырғызу жоспарланып отыр.

Дархан Сатыбалды көгалдандыруға қатысты тәсілдер қайта қаралып жатқанын атап өтті. Енді тек егілген көшеттердің санына емес, олардың сапасы мен өміршеңдігіне басымдық беріледі.

"Біз ағаш егу технологиясын өзгертеміз және ірі көлемді көшеттерді пайдалануға көшеміз. Сарапшылармен бірлесе отырып, қалалық экология мен көлік жүктемесі жоғары жағдайға жақсы бейімделетін ағаш түрлері іріктеліп жатыр. Алдағы уақытта саннан гөрі жасыл желектің сапасы мен төзімділігі басты назарда болады", – деді Алматы әкімі.