Алматы сотында Атбасар тұрғынының банкке кепілге қойылған мүлкіне қатысты іс қаралды
Мүлік цессия шарты бойынша үшінші тараптың меншігіне өтіп кеткен.Алматы қалалық сотында Ақмола облысы Атбасар қаласының тұрғыны Ернұр Балғабаевтың "Қазақстан Халық банкі" АҚ мен "Bagget" ЖШС үстінен түсірген апелляциялық шағымы бойынша іс қаралды. Оған аталған тараптардан бөлек, "Азаматтарға арналған үкімет" ҰАҚ және өзге де қарыз алушылардың өкілдері де қатысты.
Шағымданушы Ернұр Балғабаев соттан "Қазақстан Халық банкі" АҚ мен "Bagget" ЖШС арасында жасалған цессия шартын, яғни талап ету құқығынан шегіну шартын заңсыз деп тануды талап етіп отыр. Балғабаевтың қорғаушыларының айтуынша, 2016 және 2019 жылдары "ҚХБ" АҚ-ның Қарағанды филиалы Жомарт Жұмағұлов (сол уақытта Ернұр Балғабаевпен бірге "Ынтымақ Атбасар" компаниясында қызмет еткен) есімді азаматқа тиесілі компаниялар тобына қомақты несие рәсімдеген және оған бірқатар заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың мүлкі, оның ішінде Ернұр Балғабаевтың да пәтері кепілге қойылған.
"Алайда несие алушылар банкке қарызды қайтармаған. Соған орай, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы №2 соты 2022 жылы 28 желтоқсанда несие бойынша қарыз сомасын қайтару туралы шешім шығарды. Бірақ, банк сот орындаушылары арқылы қарызды мәжбүрлеп қайтарып алудың орнына "Bagget" ЖШС компаниясымен цессия шартын жасасып, несие шарты мен кепілдегі мүліктің бәрін беріп жіберген. Оның ішінде Ернұр Балғабаевтың да пәтері болғандықтан, ол сотқа шағымданды", – деп түсіндірді Алма Мусина.
Адвокаттың сөзінше, банк пен кәсіпорын арасында цессия шартының жасалуы заңға қайшы.
"Қазақстан Халық банкі" АҚ-ның пайдасына несие алушы компаниялар тобынан қарызды қайтару туралы сот шешімі заңды күшіне енді. Мұндай жағдайда Банк несие шартын ешкімге бере алмайды. Ал сот шешімін басқа ешкім емес, сот орындаушылары ғана атқаруы тиіс. Екіншіден, Қазақстан Республикасының Банктер және банк қызметі туралы заңында үмітсіз банк қарыздары бойынша құқықты беруге болатын үшінші тұлғалардың нақты тізімі бар. Наубайхана қызметімен айналысатын "Bagget" ЖШС бұл тізімде жоқ". Заң бойынша проблемалық қарыздар не коллекторлық агенттіктерге, не проблемалық несиелермен жұмыс істеуге құзыреті бар арнайы қаржылық ұйымдарға берілуі тиіс", – деді адвокат.
Оқи отырыңыз: Бишімбаевтан моральдық залалды өндіріп алу: апелляциялық сот шешім қабылдады
Дегенмен, Ернұр Балғабаевтың қорғаушыларының апелляциялық шағымымен жауап беруші тараптардың бірде-бірі келіскен жоқ. Олар бұған дейінгі, Медеу аудандық соты шығарған шешімді өзгертусіз қалдыруды сұрады. Айталық, сот отырысында жауап беруші тарап ретінде сөйлеген "Қазақстан Халық банкі" АҚ-ның өкілі Надежда Бреусова несие бір емес, екі рет – 2016 және 2019 жылдары рәсімделгенін алға тартты.
"Ернұр Балғабаевтың мүлкі 2016 жылғы рәсімделген несиеге кепіл ретінде қойылған. Бұл несие толық өтелді. Ал цессия шарты 2019 жылғы несиеге қатысты жасалған. Сәйкесінше, Балғабаевтың жылжымайтын мүлкіне қатысты шағымы мен цессия шарты арасында ешқандай байланыс жоқ. Сондықтан, ол шағымданушының мүддесін еш қозғамайды", – деп түсіндірді Надежда Бреусова.
Сондай-ақ, "Bagget" ЖШС өкілі ретінде қатысқан Анна Камша да Медеу аудандық сотының шешімін заңды деп танитындарын хабарлады. Оның айтуынша, шағымданушы Балғабаевтың қорғаушылары көтеріп отырған бұл мәселелер соттың алғашқы инстанциясында, яғни Медеу аудандық сотының отырыстарында егжей-тегжей талқыланып қаралған және соның негізінде сот шешімі шыққан.
"Шағымданушы тарап өз жылжымайтын мүлкінің арестте тұрғаны туралы ешқандай құжат ұсынбады", – деді ол.
Сотта сөз сөйлеген тараптар ішінде "Қойбағаров" ЖК өкілі ғана шағымданушы тараптың апелляциялық шағымын қанағаттандыруды сұрады.
Келесі сот отырысы 28 қарашаға белгіленді.