Алматы қаласының Білім басқармасы қоғамда резонанс тудырған жағдайға байланысты түсініктеме берді
Қоғамда резонанс тудырған колледждегі мәселеге орай Алматы білім басқармасы оқу орны басшысына қатаң сөгіс жариялады. Бұл жаза Алматы білім басқармасы жүргізген қызметтік тексеріс қорытындысында тағайындалған.
Еске салсақ, биылғы 3 наурызда колледж директоры мен іс жүргізуші маманның арасында еңбек тәртібіне қатысты әңгіме болған. Колледж директоры іс жүргізушісіне лауазымдық міндеттемелерін жүйелі түрде орындамағаны және корпоративтік әдеп нормаларын сақтамағаны үшін ескерту жасаған.
Оған жауап берген қызметкері дауыс көтеріп, іскерлік қарым-қатынас әдебін бұзады. Бұдан кейін эмоцияға берілген колледж директоры өзін ұстай алмай, корпоративтік этикаға жатпайтын әрекетке барған.
Бұл оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізген Алматы білім басқармасы Педагогикалық әдеп ережелерінің бұзылғанын анықтады. 4 наурызда жүргізілген тексеріс қорытындысында колледж директорына қатаң сөгіс берілді.
"Алматы білім басқармасы барлық ведомстволық мекемелерде моральдық-этикалық климаттың сақталуын ұдайы бақылауда ұстайды", – делінген хабарламада.