Алматы қалалық күрес федерациясы 2025 жыл үздігі атанды
Алматы қалалық спорт басқармасы жыл үздіктерін анықтау мақсатында Beles Almaty – 2025 спорттық жүлдесін өткізді. Салтанатты шараға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
Жыл үздіктерін анықтау барысында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Алматы қалалық федерациясы "Жылдың үздік спорттық федерациясы" атанды. Алматылық күрес федерациясы 110 спорттық ұжымның қатарынан үздік шыққан.
Биыл алматылық балуандар республикалық турнирлерден 141, халықаралық жарыстардан 34 медаль жеңіп алды. Оның ішінде еркін күрес шеберлерінің еншісінде 83 халықаралық, 362 республикалық доданың жүлдесі бар.
Атап айтар болсақ, U17 әлем чемпионатында Нұрали Асқар күміс жүлдегер атанса, ересектер арасындағы Азия біріншілігінде Шамиль Ожаев қола медаль жеңіп алған. Сондай-ақ, түрлі жас деңгейіндегі Қазақстан біріншіліктері, Қазақстан кубогы және ересектер арасындағы ел чемпионатында алматылық балуандар тұрақты түрде жүлдеге іліккен.
Алматы қалалық күрес федерациясы республикалық және халықаралық турнирлерді жоғары деңгейде өткізуімен де ерекшеленеді. Биылғы спорттық маусымда Омар Әлиев бастаған федерация күрес түрлерінен U17, U20 ел біріншілігін, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты мен PWL турнирін абыроймен өткізді.
Спортшылардың экологиялық таза ауданда тұрып, дұрыс тамақтануын, режимді дұрыс ұстануын қамтамасыз ету мақсатында балуандарға арнайы жатақхана берілді. Айта кетейік, күрес түрлерінен Алматы қалалық федерациясын 2024 жылдан бері белгілі спорт менеджері Омар Әлиев басқарады.