Алматы облысының орталығы "Salyq кэшбэк" жобасына қосылды
Алматы облысының орталығы – Қонаев қаласы 15 шілдеден бастап "Salyq кэшбэк" пилоттық жобасына қосылды, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.
Бұл жоба биылғы 15 наурызда Қарағанды, ШҚО, Қостанай, БҚО, СҚО және Ақмола облыстарының бірқатар елді мекендерінде іске қосылса, кейін олардың қатарын Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарының бірқатар ауданы толықтырған болатын. Енді қатарға Алматы облысының Қонаев қаласы қосылып отыр.
Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, Жоба микро- және шағын бизнес субъектілерінен фискалдық чектер алуды ынталандыруды көздейді. Оған кез келген адам қатыса алады. Ол үшін:
- Тауар немесе қызмет үшін төлем жасағанда фискалдық чек алу қажет;
- Чектегі штрих-кодты "Amian" мобильді қосымшасы арқылы сканерлеп, сатып алу сомасының 2 пайызы мөлшерінде кэшбэк алу қажет.
"Алынған қаражатты банк картасына аударуға немесе ұялы телефон балансына есептеуге болады. Сыйақыны есептеу "Amian" мобильді қосымшасы арқылы "IT Analytics" ЖШС операторы арқылы жүзеге асырылады. Қосымшаны App Store мен Google Play платформаларында тегін жүктеуге болады", – делінген комитеттің хабарламасында.