Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұйғыр ауданының атауын өзгертуге қатысты сұраққа жауап берді. Әкімнің айтуынша, аудан атауын тек ономастикалық комиссия өзгерте алады. Бұл үшін жергілікті халық комиссияға ұсыныс түсіруі керек. 

"Аудан, басқа да елдімекендердің атауын ауыстырудың өзіндік тәртібі бар. Бұл жұмыс онамастикалық комиссия арқылы жүргізіледі", — деді облыс әкімі. 

Мұнымен қатар Марат Сұлтанғазиев әкімдіктің мәдениет, білім және әлеуметтік-экономикалық жағдайға көбірек көңіл бөліп отырғанына тоқталды. 

"Жоғары жақтан қандай да бір саяси шешім қажет емес. Аудан атауын өзгерту тек ономастикалық комиссияның құзіретінде. Біз өз тарапымыздан этносаралық келісімді нығайтуды, өңір халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын әрі қарай жақсартуды, білім мен мәдениет саласына көбірек көңіл бөлуді ойлап отырмыз. Жалпы екі ұлт арасында келіспеушіліктер жоқ (...) Аудан атауын өзгерту процедурасына келетін болсақ, жергілікті халық ономастикалық комиссияға өз ұсынысын беруі тиіс. Әрі қарай жұмыс комиссия арқылы жүреді", — деді Марат Сұлтанғазиев.