Алматы облысындағы "Көшпенділер қаласына" апаратын жол құрылысы қашан аяқталады
Алматы облысында салынған "Көшпенділер қаласына" дейін ұзындығы 7 шақырым болатын жаңа жол құрылысы 2025 жыл соңына дейін аяқталады. Жоба аясында жол бойын жарықтандыру және автотұрақ салу қарастырылған. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс басшысы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, "Көшпенділер қаласына" ай сайын шамамен 500 адам, ал Таңбалы Тасқа жыл сайын 4 мыңға жуық турист келеді.
"Бұрын бұл нысан тек декорациялық алаң ретінде пайдаланылып, уақыт өте келе бастапқы келбетін жоғалта бастаған еді. Туристердің қызығушылығы артқан сайын біз оны жаңа форматта жаңғыртуды – заманауи инфрақұрылымы бар толыққанды туристік орынға айналдыруды жөн көрдік. Мұндай бастамалар ішкі туризмнің дамуына тың серпін береді. Біз табиғаттың сұлулығы, тарихи мұра және заманауи жайлылық тоғысқан бірегей кеңістік қалыптастырып жатырмыз", – деді өңір басшысы.
Жоба аясында "Көшпенділер қаласы" кешенін қайта жаңарту, Таңбалы Тас археологиялық ескерткішіне қарай жаяу жүргіншілер үшін көпір салу және заманауи туристік инфрақұрылымы бар демалыс аймағын абаттандыру көзделген. Аталған аумақта глэмпинг аймақтары, демалыс орындары мен қоғамдық тамақтану нысандары салынады.
2025 жылы Алматы облысындағы ұлттық парктерге 700 мыңнан астам турист келген. Ал жыл басынан бергі алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша өңірге келген туристер легі 30%-ға өсіп, оның ішінде ішкі туризм 1 млн адамнан асты.