Биыл көктемде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Аталған заңда хош иістендіргіш, вейп және шегуге келмейтін темекі өнімдерін және оларға қажет арнайы сұйықтықтарды таратуға, сатуға тыйым салу қарастырылған. Осы орайда Алматы облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция капитаны Зульфат Манапов осы бағытта қандай жұмыстар жүріп жатқанын бөлісті. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы №2 емхананың жалпы практика дәрігері Самал Кебенбаева темекі өнімдерінің қандай қатерлі ауруларға шалдықтыратынын айтып берді. 

"Азамат тиісті емес жерде шылым шегетін болса, ереже бұзғаны үшін "Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің" 441-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни заңды бұзған азаматқа 15 айлық есептік көрсеткіш есебінде айыппұл салынады. Ал егер бір рет ереже бұзған адам осы әрекетін бір жыл ішінде тағы қайталайтын болса, онда оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағайындалады. 2024 жылдың басынан бері осы күнге дейін Алматы облысында 459 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деді полиция капитаны Зульфат Манапов. 

Сондай-ақ, ол қай жерлерде темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салынғанын атап өтті:

  • адамдар білім алатын ғимараттардың аумағында, сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдер демалатын жерлерде:
  • азаматтардың денсаулығына жауапты ұйымдар ғимаратының ауласында;
  • көпшілік тамақтанатын орындарда;
  • театрларда, цирктерде, мәдениет объектілерінде, кинотеатрларда, кітапханаларда, мұражайларда, байқау мен көрме залдарында, спорт ареналарында, дене шынықтыру орындарында және көпшілік демалуға арналған жерлерде;
  • би клубтары мен түнгі клубтарда;
  • метрода, таксиде, қалалар арасында және маңында жүретін қоғамдық көлік салонында, пойыздарда, әуе, өзен және теңіз көлігінде;
  • автомобиль вокзалдарының, теміржол және әуежай ғимаратында, қоғамдық көлікке арналған жабық аялдамаларда;
  • мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ғимаратында;
  • жұмыс орындарында;
  • үйлердің кіреберісінде;
  • автожанармай құю станцияларының үй-жайларында және аумағында;
  • балалар ойнайтын алаңда;
  • жерасты өткелдерінде;
  • көлікте кәмелеттік жасқа толмаған балалар отырған кезде темекі өнімдерін тұтынуға болмайды.

"Бүгінгі күні полиция департаменті темекі шекпейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің –вейптердің, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың заңсыз айналымы үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1-бабы бойынша 10 қылмыстық іс қозғады", – деп қосты Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Зульфат Манапов.


Оқи отырыңыз: Қорабы – 400 теңге: Қазақстанға арзан темекі қайдан және қалай келеді?


№2 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Самал Кебенбаеваның айтуынша, темекі химиясы барлық ағзаны зақымдайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, темекі адамды кем дегенде 25 түрлі ауруға шалдықтырады. Сол себепті дәл қазір темекі шегу өлім-жітімнің басты себептерінің бірі болып тұр. 

"Темекі кем дегенде 12 дене бөлігінде қатерлі ісік тудыра алады. Олар – өкпе, ауыз қуысы, мұрын қуысы, параназальды синус, көмей, тамақ, өңеш, ұйқы безі, асқазан, бауыр, бүйрек және өт қабында. Сондай-ақ, темекі миелоидты лейкимия тудырады, яғни қатерлі ісікке шалдықтырады. Темекі 40 пайыз жағдайда жүрек-қан тамырлары аурулары, 80 пайыз жағдайда өкпенің созылмалы обструктивті аурулары, 30 жағдайда қатерлі ісік, 90 пайыз жағдайда өкпе қатерлі ісігі даму қауіпінің басты факторына айналады. Темекіден бас тарту арқылы бұл аурулардың 40 пайызын алдын алуға болады", – деп түсіндірді дәрігер. 

Самал Кебенбаеваның айтуынша, темекіні тұтыну келесі ауруларға алып келеді:

  • тыныс алу жолдары – бронхит, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, өкпенің қатерлі ісігі;
  • қан айналымы органдары – қысымның жоғарылауы, импульстің үдеуі, артериялардың тарылуы (гангрена), артериялардың ішкі қабығының зақымдануы (инсульт, инфаркт);
  • асқорыту органдары – асқазанның бұзылуы, асқазан жарасы;
  • ауыз қуысы – қызыл иектің қабынуы, ауыз қуысының қатерлі ісігі;
  • тері – терінің тез қартаюы, сұрлануы және бозаруы;
  • жыныс мүшелері – бедеулік, импотенция;
  • адамның эмбрионы – мерзімінен бұрын босану, салмақ жоғалту, жалпы денсаулықтың нашарлауы;
  • психикаға әсері – тәуелділік тудырады;
  • жалпы денсаулыққа әсері – болжамды өмір сүру ұзақтығын қысқартады;
  • темекі шегушінің қызыл иегі тітіркеніп, ауырады.

Оқи отырыңыз: Темекі түтінінсіз болашақ: Оған 2030 жылға қарай қол жеткізу қаншалықты мүмкін?


Мұнымен қатар, темекі тартатын адамдардың ауыз қуысында келесі аурулар пайда болуы мүмкін:

  • қызыл иектің ісінуі және ауыруы;
  • қан кету;
  • тістердің бұзылуы және түсуі, дәм сезгіштіктің жойылуы;
  • темекіні тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің қаупін арттырады.

"Ауыз қуысының қатерлі ісігі ерінде, тілде немесе ұрттың ішкі жағында пайда болады. Бұл қатерлі ісікке дейінгі жағдай. Ерін қатерлі ісігі және тіл қатерлі ісігі – қатерлі ісіктің агрессивті және тез дамып келе жатқан түрлері. Сондай-ақ, қатерлі ісік жұтқыншақта, бадамша бездерде пайда болуы мүмкін. 
Аталған қатерлі ісіктердің 90 пайызы темекіні тұтынумен тікелей байланысты. Мұнымен қатар, темекі шегетін адам үшін темекі шекпейтін адамға қарағанда жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі 2-4 есе жоғары. Жүрек-қан тамырлары аурулары бүкіл әлемде өлімнің негізгі себебі болып отыр. Бұдан бөлек темекі инфаркт пен инсультке әкелуі мүмкін. Темекі шегу аяқ-қолдарда перифериялық қанмен қамтамасыз етудің бұзылуын тудырады. Аяқтарда ауырсыну және шаршау сезімдері пайда болады. Қанмен қамтамасыз етілмеуі инфекция қаупін арттырады, гангрена мен аяқ-қолды ампутациялау қажеттілігін тудырады. Әдетте темекіден бас тартқан науқастарда қан айналымы жақсарып, аяқтағы құрысу сезімі басылады. Никотиннен бас тартқан кезде мидың жұмысы айтарлықтай жақсарып, адам өзін сергек сезінеді. Есте сақтау қабілеті де жақсарып, басының ауырғаны қояды. Темекі шекпейтін егде жастағы адамдарда әжімдер 25 жыл бойы күнде шылым шеккендерге қарағанда 5 есе аз болады", – деп сендірді дәрігер Самал Кебенбаева.