Алматы облысында Қазпошта арқылы есірткі алдырған адам ұсталды
Жөнелтімді қабылдаушы есірткі өнімдерінің заңсыз айналымы үшін бұрын сотталған азамат болып шықты.Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігі аса ірі көлемдегі есірткі контрабандасына қатысты тергеуді бастады, деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Алматы облысы Іле ауданындағы "Казпошта" АҚ бөліміне шетелден косметикалық бұйымдар түрінде жасырылған салмағы 777,4 грамм есірткі өнімі каннабис экстракты (гашиш майы) салынған жөнелтім келіп түскені анықталды.
"Жөнелтімді қабылдаушының тұрғылықты жері бойынша тінту барысында есірткіні шегуге арналған құрылғылар, қолданылған шприцтар, зип-пакеттер және тағы басқа заттар табылды. Аталған азамат сот шешімімен қамауға алынды, тергеу амалдары жалғасып жатыр", – делінген хабарламада.
ҚПК-нің 201 бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.