Алматы көше футболы командасы Зальцбургте өтетін финалға жолдама алды
Алматыда дәстүрге айналған көше футболының Red Bull Four 2 Score турнирі өтіп, оған Астана, Шымкент, Семей, Ақтөбе және Алматы қалаларынан келген командалар қатысты.
Бұл футболдың форматы ерекше: оған 4 ойыншы ғана қатысады және ойын 10 минутқа созылады. Сондай-ақ, ойынның алғашқы және соңғы минутында соғылған голдар – екі есе есептеледі.
Жартылай финалда Алматы мен Астана және Шымкент пен Ақтөбе командалары кездессе, финалда Алматы мен Шымкент командалары ойнады. Айта кетейік, финал ерекше тартысты өтті. Бірінші матчта Алматы 0:3 есебімен жеңілі тапса, екінші матчта жинақталып, қарсылас команданы 7:3 есеппен ойсырата жеңді. Осылайша, Алматы командасы Зальцбургте өтетін әлемдік финалда ел намысын қорғайды.
Турнирден соң Алматы командасының ойыншылары футзалдың үздік клубтарының бірі — AFC "Қайратпен" шоу-матч өткізді. Негізгі уақыт 9:9 есебімен тең аяқталды. Жеңімпаз "алтын матч" 1x1 форматында анықталып, шешуші голды "Қайрат" ойыншысы соқты.