Алматы іргесіндегі Байсерке халқы ауыз суды даладан тасып ішіп жүр
Алматыдағы Байсерке ауылының тұрғындары ауыз суды даладан тасып ішіп жүр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жергілікті жұрттың айтуынша, елді мекендегі су жүйесі дұрыс жасалмаған, сондықтан құбыр жыл сайын жарыла береді. Жобаға алғашында бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінген көрінеді.
Алайда қомақты қаржы діттеген жеріне жетпей, талан-таражға түскен. Бұл іске қатысты мердігер мен жергілікті шенеунік мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Кейін тағы 971 миллион теңге бөлінген. Бірақ елді мекен халқы бұл қаражаттың да игілігін көрмедік деп отыр.
Алматы облысындағы Байсерке ауылының тұрғындары ауыз суды сырттан тасып ішуге мәжбүр. Халықтың айтуынша, елді мекенге тартылған су жүйесі сапасыз салынған. Салдарынан құбырлар жиі жарылып, ауылдың сусыз қалатын күндері көп екен.
Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін ауылдағы су жүйесіне 2 миллиард теңге бөлінген. Алайда жоба іске аспаған. Тексеріс нәтижесінде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін екі адам сотталған. Кейін 971 миллион теңге бөлініпті. Бірақ артынан Солтүстік Қазақстандағы төтенше жағдайға бағытталған. Жақында жобаны қайта бастау көзделіпті. Алайда әзірге 50 миллион теңге ғана бөлінген.