Алматы-Астана тасжолында жол апаты болды: қаза болғандар бар
Жол апатынан үш адам қаза болды.Қарағанды облысында Алматы-Астана тасжолында (Алматы-Екатеринбург) жолаушылар автобусы мен жеңіл көлік жол апатына ұшырады, деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жол апатынан үш адам қаза болды.
17 шілдеде таңғы сағат 6 шамасында Ақсу-Аюлы кентінен бес шақырым жерде орналасқан Алматы-Екатеринбург тасжолында Chery Tiggo көлігі мен Красноярск-Шымкент арасында қатынайтын Van Hool маркалы автобус жол апатына ұшырады.
Жантүршігерлік оқиға салдарынан Chery Tiggo көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза болды, тағы үш жолаушы мен автобус жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Оқиға кезінде автобуста 51 адам болған.
"Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажет сараптамалар тағайындалды, тергеу жүргізіліп жатыр. Жазғы кезеңде тек Алматы-Екатеринбург тасжолы арқылы күн сайын 33 мыңға дейін автокөлік өтеді. Экипаж нарядтарының тығыздығы 22 экипажға дейін ұлғайтылды. Қарағанды облысының аумағында жоғарыда аталған автокөліктердің екі жүргізушісін де патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тоқтатып, жол қозғалысы ережелерін сақтау туралы ескерткен. Өкінішке қарай, автокөлік жүргізушілері полицейлердің ұсыныстарына құлақ аспады", – делінген хабарламада.
Облыстық полицейлер жолаушылар автобусының жүргізушісін жол қозғалысы ережелерін сақтау керек екенін ескерту үшін тоқтатқан сәтте тасжолда түсірілген кадрларды көрсетті.