Алғашқы "Достастық жәрмеңкесі" 2026 жылы Таразда өтеді. Оны ұйымдастыру ережелері әзірленуде
Жәрмеңке жыл сайын Ұлы Жібек жолы бағытындағы ТМД елдерінің қалаларында ұйымдастырылады.
ТМД атқарушы комитетінің отырысында сарапшылар алғашқы "Достастық жәрмеңкесі" өтетін орын мен уақытты нақтылады. 2026 жылы көне Тараз қаласында бірінші жәрмеңке ұйымдастырылып, кейін ол ТМД-ның Ұлы Жібек жолы бағытындағы қалаларында жалғасын табады.
Сарапшылар отырыста "Достастық жәрмеңкесін" өткізу мәселелеріне қатысты ережелерді талқылады. Бұл ережелер биылғы қазанда өтетін отырыста мақұлданады.
Еске салайық, "Достастық жәрмеңкесі" өткізу туралы бастаманы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы қазанда өткен ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында көтерген болатын.
Қазірге дейін Таразда өтетін жәрмеңкеге тоғыз елдің өкілдері өзінің қатысатынын растады.