Үкіметте халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санатына жататын басқа қаладан келген студенттердің жатақханада тұруға жұмсалатын шығындарын субсидиялау мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы вице-министр Алтай Көлгінов депутаттар сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрліктерінің дерегі бойынша, 2022-2023 оқу жылында ЖОО мен колледждерде әлеуметтік осал топ санатындағы шамамен 218,5 мың студент оқып жүр. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарында – 168,1 мың, колледждерде 50,3 мың студент бар.

"Пәтер жалдауға жұмсайтын шығындарын өтеу үшін оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім министрліктері республикалық бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, мемлекеттік әлеуметтік көмекке ең мұқтаж екі санатты анықтады. Олар: жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар", – делінген құжатта.