Қазіргі уақытта әлемнің 40-тан астам елінде референдум учаскелері жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жапония мен Оңтүстік Кореядан кейін Қытай, Сингапур, Моңғолия, Малайзия, Таиланд, Вьетнам мен Индонезияда учаскелер ашылды. Дауыс беру процесі Ресей, Үндістан, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Түрікменстанда да белсенді жүріп жатыр. Еуропа елдерінде жақын арада учаскелер өз жұмысын бастайды.

Ресейдегі Қазақстан азаматтары бүгін елдің жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша референдумда дауыс береді. Мәскеуде Қазақстан Елшілігінің жанындағы учаскесі ашылды.

Еске сала кетейік, жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум бүгін, 15 наурызда өтіп жатыр. Дауыс беруге 12 миллионнан астам сайлаушы қатыса алады. Алғашқы референдум учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де Сеул мен Токио қалаларында ашылған болатын.