Ақсақал ұзақ сапар алдында жастар ресурстық орталығында өткен брифингке қатысты. Бұл туралы inform.kz жазды.

"Дүниежүзі бойынша саяхаттың басты мақсаты – Гиннестің рекордтар кітабына тіркелу арқылы әлемдік рекорд орнату. Ресми деректерге сүйенсек, осы уақытқа дейін 70 жастан асқан адамдар арасында мұндай рекорд әлі тіркелмеген. Мен тамаша физикалық формадамын. Қазақстандағы жаяу марафон мен үшін сынақ, әрі дайындық болды. Адамның жасы – ешқандай көрсеткіш емес. Әлемді жаяу шарлай алатыныма сезінемін. Өз мүмкіндігіме сенімдімін, сондықтан осындай жауапты қадамға баруды жөн көрдім", – деді Сәрсенбай Қотырашов.

Ақсақалдың айтуынша, сапар барысында ол арбаға ең қажетті заттарын: гигиеналық құралдарды, ауыстырылатын киім-кешек, аяқ киім және азын-аулақ азық-түлікті салыпты. Ол күніне 30-40 шақырымдай жаяу жүруге ниетті.

Жезқазған қаласының тұрғыны Сәрсенбай Қотырашов өткен жылы 72 жасында 181 күн ішінде 8 мың шақырым жол жүріп, Қазақстанның түкпір-түкпірін жаяу аралау арқылы елге танылды.

Енді ол Қазақстан – Ресей – Грузия – Түркия – Болгария – Сербия – Венгрия – Австрия – Германия – Франция – АҚШ – Қытай – Моңғолия – Ресей – Қазақстан бағыты бойынша жүруді жоспарлап отыр. Есеп бойынша, сапар 2 жылға созылады. Ол турды 2025 жылдың тамызында аяқтауды көздеп отыр.

Ыңғайлы болу үшін маршрут бірнеше кезеңге бөлінген. Бірінші кезең: Қазақстан-Ресей-Грузия-Түркия. Бұл сегментті жоспар бойынша 3000 шақырымдай жолды артқа тастап, 100 күнде бағындыруды көздеп отыр. Екінші кезең: Түркия-Франция-АҚШ (180 күн және 9 мыңнан астам шақырым). Үшіншісі – АҚШ-Қытай-Моңғолия-Ресей-Қазақстан (130 күн және 4 мыңнан астам шақырым).

Бірінші кезең аяқталғаннан кейін Сәрсенбай Қотырашов Қазақстанға оралады. Келесі жылы көктем басталғанда әлемді жаяу шарлаудың бірінші кезеңі аяқталған нүктеден саяхатты жалғастырады.


Оқи отырыңыз: "Қазақ халқы қонақжай екен". Америкалық саяхатшыларды Қазақстан несімен таң қалдырды?