Алматыда әлемдегі алғашқы мөлдір әрі сымсыз OLED T теледидарының таныстырылымы өтті. Ал теледидардың өзі ел нарығында жылдың соңына дейін сатылымға шығады. 

Еске салайық, сымсыз теледидардың қолданысқа енгеніне біршама уақыт болғанымен, бүкіл әлем мөлдір теледидар туралы алғаш рет 2024 жылдың басында ғана алғаш естіді. Аталған жылдың қаңтарында америкалық Лас-Вегаста өткен Consumer Electronics Show шарасында оңтүстік кореялық LG бренді алғаш рет "болашақ теледидары" аталған мөлдір OLED T теледидарының тұжырымдамасын таныстырды. Арада жыл өткенде бұл теледидар түрі АҚШ нарығында сатыла бастады. 

Енді оған биылдың соңына дейін қазақстандықтар да қол жеткізе алады. 

Өндіруші компания өкілдерінің айтуынша, теледидарды екі режимде де (мөлдір және мөлдір емес) қолдануға болады. Яғни, теледидар қосылған кезде өзінің негізгі қызметін атқаратын болса, басқа уақытта оны аквариум, отбасылық суреттің үлкен фоторамасы не жай ғана шыныдан жасалған декор құралы ретінде пайдалануға болады. 

Теледидар жасанды интеллектіге негізделген Alpha 11 процессорының негізінде жұмыс істейді.


Оқи отырыңыз: Жасанды интеллектке басымдық беріледі. 2025 жылғы гаджеттерге шолу


77 дюймдік экранының рұқсаттамасы 4К, ал жаңару жиілігі – 120 Гц. Оған қоса, теледидар Nvidia G-Sync және AMD FreeSync технологияларымен жабдықталған. Бұлардың бәрі көрерменнің өте сапалы бейне мен дыбысты кино немесе өзге де телетуындыларды тамашалауына мүмкіндік сыйлайды. 

"Біздің компания Қазақстанда 27 жылдан астам уақыт бойы тұтынушыларға өмір сапасын жақсартатын инновациялық шешімдер ұсынып келеді. Бүгінде компания заманауи OLED технологияларын бірегей форм-факторлармен, мөлдір экрандармен және сымсыз шешімдермен біріктіре отырып, технологиялық көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтуда. Жаңа OLED T қазақстандық пайдаланушыларға көрудің көпқырлы тәжірибесін және кеңістікті ұйымдастыруда бұрын-соңды болмаған икемділікті ұсынады – бұл мүмкіндіктер басқа теледидар өндірушілерінде жоқ", – деп атап өтті LG Electronics Almaty Kazakhstan компаниясының президенті Хак Хён Ким.

Айта кетейік, әлемдегі ең алғашқы мөлдір теледидар атанған OLED T Best of Innovation жүлдесіне лайық танылып, CES 2024 Innovation Awards аясында бес марапатқа ие болған.