"Алаяқтар сотталсын". Атырауда бейбіт митинг қалай өтті?
Салымшылардан 3 млрд теңге қаржы жинаған тұрғын үй кооперативі 3 жылда құрылыстың бар болғаны 30-40 пайызын аяқтаған.Атырау облысында үй алмақ болып құрылыс кооперативтеріне ақша салып, ақыры баспанасыз қалған салымшылар бейбіт митингке шықты. Азаматтар екі жыл бұрын "Жібек жолы" тұрғын үй кооперативіне құйған үш миллиард теңге қаржыны қайтара алмай жүр. Биыл наурыз айында тапсырылуы тиіс үй құрылысын компания басшылығы аяқсыз қалдырған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Тұрғындардың шағымы бойынша жүргізілген тергеуге байланысты кооператив басшысы қамауға алынып, кейін "үйқамаққа" шығарылған. Бірақ, соттың бұл шешіміне салымшылар наразы. Олар кінәлілердің жазаланып, ақшаны қайтаруын талап етіп отыр.
"Соттың шешімімен келіспейміз, ақшамызды қайтарсын. Біз жылдар бойы бар тапқанымызды осы үйге салдық. Енді қара суықта не үйсіз, не ақшасыз қалдық. Әділдік керек", – дейді салымшылардың бірі Бақытгүл Жұмағалиева.
Салымшылардың тағы бірі Әл-Фараби Мұқашев тұрғын үй кооперативіне 2020 жылы 5 миллион теңге аударғанын айтып, кінәлілердің лайық жазаға тартылғанын талап етіп отыр.
Оқи отырыңыз: Мердігерлерге үлескерлер қаржысын тарту талаптары жеңілдетіледі
Қазір құрылыс тоқтап тұр. Жұмыстардың шамамен 30-40 пайызы ғана аяқталған. Прокуратура қызметкерлері іске кірісіп, тексеру жүргізгеннен кейін осындай шешім шыққан. Қазір істі сот қайта қарап жатыр.
"Бәрі сот шешімінен кейін белгілі болады. Біз әзірге қолымыздан келгенше салымшыларға көмектесуге тырысамыз. Құзырлы орган тиісті шаралар қабылдап жатыр. Құрылыстың тек 30-40 пайызы ғана аяқталған", – деді Атырау облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Қабдинов.