Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы Конституциялық заң қабылданды
Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" Конституциялық заң екінші оқылымда қабылданды.
Құжат бұған дейін, 20 наурызда, бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Нұртай Сабильяновтің айтуынша, екінші оқылымға дейін заң жобасы жан-жақты пысықталып, депутаттар мен комитеттердің ұсыныстары ескерілген.
Заң жобасы жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіріліп, атауы нақтыланды. Сонымен қатар, Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимінің кейбір нормаларын қала маңындағы аумақтарға да қолдану мүмкіндігі қарастырылды. Құжатта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірқатар жаңа ұғымдар енгізілді.
Атап айтқанда, "бизнес-лицензия", "реттеуші рұқсат", "салықтық преференция" және "Алатау қаласының басым салалары" сияқты түсініктер бекітілді. Бұл құралдар инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған. Сондай-ақ инвестициялық жобалар бойынша "қаржылық орнықтылық" пен ашықтық қағидаттары күшейтілді. Инвестициялық міндеттемелер мен берілетін жеңілдіктер туралы ақпарат ашық қолжетімді болады.
Оқи отырыңыз: "Қорқыныштан қалтырайтын емес, нақты жұмыс істейтін заман". Президент Алатау қаласын дамытуды тежеп отырғандарды сынады
Цифрландыруға да ерекше назар аударылған. Қала инфрақұрылымына қатысты барлық деректер – инженерлік, көлік, тұрғын үй-коммуналдық жүйелер және қоғамдық қауіпсіздік мәліметтері – бірыңғай цифрлық платформада жинақталады. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау да күшейтілді. Енді бизнес субъектілерін тексеруді тек Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы органдары жүргізе алады. Сонымен қатар, бюджет қаражатының жұмсалуына бақылау күшейтіледі. Алатау қаласы әкімшілігінің бюджет игеру туралы есептері жыл сайын жарияланып отырады. Заңда инклюзивті орта қалыптастыру мәселесі де қамтылған.
Ерлан Тұрсынбайұлы Әбдиев ұсынған түзетулерге сәйкес, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қала ішінде еркін қозғалуына жағдай жасау қарастырылған. Экология мәселелері де назардан тыс қалмаған. Әкімшілік актілер қоршаған ортаны қорғау талаптарын күшейтуді қамтамасыз етуге тиіс.
Парламент қабылдаған заң енді мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.