Қазақстанда алғаш рет қалалық әуе такси жүйесін құру жобасы басталды. Осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, америкалық Joby Aero, Inc. компаниясы, Alatau Advance Air Group Ltd. және кәсіпкер Вячеслав Ким өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Алатау қаласында электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алу және әуе такси жүйесін іске қосу үшін шамамен 300 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады.

Министрліктің мәліметінше, тігінен ұшып-қонатын бұл инновациялық аппараттар Қазақстандағы алғашқы Urban Air Mobility (қалалық әуе мобильділігі) жобасының негізі болады. Жоба аясында сертификаттау және демонстрациялық ұшуларға арналған сынақ алаңы құрылып, кейін Алатау мен Алматы қалаларының көлік инфрақұрылымына әуе таксиін интеграциялау көзделген.

"Қазақстан инновациялық көліктің болашағына қадам басып жатыр. Электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алу – смарт қалалар мен заманауи технологияларды енгізудегі маңызды кезең. Бұл шара Алатау қаласын жоғары технологиялы, болашақ қаласына айналдыруға серпін береді", – деді премьер-министрдің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

  • Joby Aero, Inc. – АҚШ-тағы eVTOL авиациясы саласындағы әлемдік көшбасшы, сертификатталған электрлі әуе таксилерін әзірлеуші компания.
  • Вячеслав Ким – Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы және "Алатау қаласы" жобасының басты инвесторы.
  • Alatau Advance Air Group Ltd. – Қазақстандағы әуе мобильділігі технологияларының операторы және интеграторы.