"Алматы-Достық" бағыты бойынша Алакөлге қатынайтын "Тальго" пойызының билеттері осы аптаның соңына дейін сатылымға шығуы мүмкін. Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Жылдың басында күнара №211/212 "Алматы-Достық" және аптасына үш рет №453/454 "Алматы-Достық" қосымша екі "Тальго" пойызы іске қосылатыны белгілі болған-ды. Алайда бүгін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайтында Алакөл бағытында уәде етілген "Тальго" пойызына билеттер әлі сатылмай жатқаны туралы ақпарат жарияланды.

Ұлттық компания бұл мәліметті растады.


Оқи отырыңыз: Кассадан алған пойыз билетін енді онлайн қайтаруға болады


"Бұл бағытта әдеттегі пойыздар кедергісіз жүріп жатыр және билет бар. Ал "Тальго" пойызына әзірге билет сатылып жатпағаны рас. Бұйырса, осы аптаның соңында ашылады деп отырмыз. Сол жоспар бойынша 15-16 маусымда "Тальго" қатынай бастайды. Бұл туралы бұған дейін де хабарлағанбыз. Яғни, жоспар бойынша, "Тальго" пойызына билеттер аптаның соңына дейін сатылымға шығады", – деді компанияның баспасөз хатшысы Мәди Мұхаметқали.