Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматының Әл-Фараби даңғылында болған атышулы жол апатына байланысты бірнеше полиция басшысының жазаланғанын мәлімдеді.

"Менің тапсырмаммен Алматыға Өзіндік қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс департаментінің қызметкерлері жіберілді. Қазір жан-жақты тексеріс жүріп жатыр. Сонымен қатар, болуы мүмкін заң бұзушылықтарға қатысты қылмыстық істер қозғалды. Бірқатар басшы қызметінен босатылды", – деді ІІМ жетекшісі.

Ол жол апаты дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті. Сот санкциясымен күдікті жүргізуші қамауға алынды.

"Барлығына құқықтық баға берілетінін қадап айтамын. Ешкім жауапкершіліктен қашып құтылмайды. Заң бәріне ортақ", – деді Ержан Сәденов.


Оқи отырыңыз: Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апаты: күдікті жансақтау бөлімінде, полиция тексеріс бастады


ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, Полиция департаменті басшыларының біріне тиесілі көліктің жүргізушісіне қатысты "әрекетсіздік" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол уақытша ұстау изоляторына жабылды.

"Қызметтік тексеріс барысында да, қылмыстық істерді зерттеу кезінде де барлық мән-жай, соның ішінде медиа кеңістікте тараған ақпараттар егжей-тегжейлі тексеріледі. Жұмыстағы кемшіліктерге байланысты кадрлық шешімдер қабылданып қойды. Министрдің бұйрығымен Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігіне жауапты орынбасары, сондай-ақ Әкімшілік полиция және Қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары лауазымынан босатылды", – деді министрліктің ресми өкілі.

Бұдан бөлек, мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілуі мүмкін деген күдікпен Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғады.

"Егер заң бұзушылықтар расталса, оқиғаға тікелей қатысы барлар да, оның орын алуына немесе жасырылуына жол берген лауазымды тұлғалар да түгел жауапқа тартылады", – деді Шыңғыс Әлекешев.


Оқи отырыңыз: Шавкат Рахмоновтың жұбайы жол апатына қатысты істе күдікті деп танылды. Ол 10 жылға дейін сотталуы мүмкін


Сондай-ақ, ІІМ мәліметінше, күдікті жүргізуші апат кезінде жеңіл дәрежедегі мас күйінде болған.