"Ақын" фильмінің режиссері Дәрежан Өмірбаев Токиода "Үздік режиссер" атанды
Фильмдегі басты рөлді "Жігіттер" тобының әншісі Ердос Қанаев сомдаған болатын.Дәрежан Өмірбаев XXXIV Токио халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысқан "Ақын" фильмі үшін "Үздік режиссер" жүлдесін жеңіп алды.
"Фестивальдің қазылар алқасы осы жүлдені Дәрежан Өмірбаевқа берді, өйткені бізге фильмдегі режиссердің тек өзіне тән қолтаңбасы ерекше ұнады, – деді қазылар алқасының мүшесі Крис Фудживара. – Бұл фильм поэзия туралы ғана емес, сондай-ақ осы өнерді бағаламайтын заманда ақын болудың қаншалықты қиын екенін көрсететін туынды. Бүгінгі күні бұл проблема тәуелсіз киногерлердің алдында тұр десем артық айтқаным емес. Бұл фильм – адамзаттың рухани дамуына теңдессіз үлес қосатын өнерге немқұрайлы қарамайтын адамдардың еңбегі".
Қазақстандық режиссер өз сөзінде "Ақын" фильмін жоғары бағалаған қазылар алқасы мен фестиваль көрермендеріне алғысын білдіріп, көркем туындының нақты бағасын уақыт беретінін атап өтті.
"Бұл менің ғана емес, бүкіл түсірілім тобының, сондай-ақ "Қазақфильм" киностудиясының жеңісі. Осындай жүлделер тоқтамай жұмыс істеуге жігер береді", – деді Дәрежан Өмірбаев.
Еске салайық, Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" қолдауымен Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ түсірген "Ақын" фильмі Дидар есімді мойындалмаған жазушының өмірі туралы баяндайды. Фильмнің сценарийі неміс жазушысы Герман Гессенің "Авторлық кеш" желісі бойыншы жазылған. Фильмдегі басты рөлді "Жігіттер" тобының әншісі Ердос Қанаев сомдады. Кинотуындының түсірілімдері Алматы қаласында өтті. Картинаның қоюшы операторы Борис Трошев, қоюшы суретшісі Александр Ророкин. Фильмнің продюсерлері – Юлия Ким және Ержан Ахметов.