Ақтөбе облысы Хромтау ауданында алтын іздеушілер тарихи қорымға қауіп төндіріп тұр
Алтын іздеушілер жерді қопарып, қорымның іргесіне жақындап қалды.Ақтан батырдың ұрпақтары Ақтөбе қаласына жанайқайын жеткізу үшін келген. Олар тарихта ерлігімен ел есінде қалған бабамыздың қорымы бүлінуге аз қалды деп шағымдануда, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Хромтау ауданы Қопа ауылынан 40 шақырымдай жерде "Ақпан" кен орны бар. Шағымданушылардың айтуынша, сол маңда алтын іздеушілер жерді қопарып, қорымның іргесіне жақындап қалды. Егер қазба жұмыстары жалғаса берсе, батыр жерленген бейіттің астаң-кестеңі шығады.
"Ата-бабамыздың жатқан жерін, сүйегін таптатуға қарсымыз. Бабамыз хан 1600 жылдары жоңғарларға қарсы соғыып, елін, жерін қорғаған. Үкіметтен, әкімдіктен қазба жұмыстарын тоқтатуға көмектесуін сұраймыз", – деді Ақпан батырдың ұрпағы Сайлыбай Жұқанов.
Жиналғандар қазба байлықты іздегендер мал шаруашылығымен айналысатын жұртқа да кедергі келтіріп жатқанын жеткізді. "Ақпан" кен орнының аумағындағы шаруа қожалығының басшысы аталған аймақ экологиялық апат алдында тұрғанын айтты. Алтын қазушылар сайды бойлап ағатын суды бөгеп, бағалы металлды жууға көшкен. Соның кесірінен төменге су ақпай, төрт түлік жұтап отыр.
"Суға бөгет қойған. Ақпан сай, Ақтасты деген екі сай бар. Сол сайдан жылқылар су ішетін. Ол сайларға бөгет қойып, алтын жуады. Қазіргі таңда бөгеттер алынған жоқ, сол күйінде тұр. Бұл бөгеттердің қойылғанына 4-5 жыл болды. Сайдың сулары кеуіп кетті, экологиялық апат басталды. Шөп шықпайды, сулар бөгеліп, су ақпайды", – деді шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Қарамолдиев.
Әкімдіктегілер Ақпан батырдың қорымын мемлекеттік қорғауға алу жұмыстары қолға алынғанын мәлімдеді. Алтын қазып жатқан компанияның әрекеті заңсыз екендігін айтты. Екі серіктестікте тек барлау жұмыстарына ғана рұқсат бар.
"Барлау лициензиясымен екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс атқару керек болған, бірақ олар өндіріс жұмыстарын атқарып жатыр. Соған байланысты біз министрлікке хабарлама жібердік. Екі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің келісімшарттары жойылды. Соған қарамастан заңсыз түрде жұмыс атқарып жатыр", – деді Ақтөбе облысы индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Азамат Құдайбергенов.
Оқи отырыңыз: Абай облысында алтын қазумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды
Халық келесі жылы Ақпан батырдың басына кесене орнатпақшы. Олар қара жердің астаң-кестеңі шығып, жоспар жүзеге аспай қала ма деп алаңдайды.