Технологиялық жобалар жетекшісі Садық Шерімбек Aikyn.kz басылымына берген сұхбатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің 2025 жылға дейін 100 мың ІТ-маман дайындау жөніндегі шешіміне қатысты пікір білдірді.

"Министрдің амбицияға толы бұл бас­тамасы қуантады. Бірақ мате­риал­дық база 100 мың маман дайындауға жетпейді. 2025 жылға дейін нарықтық-ба­залық сұранысты өтейтін тым болмағанда сапалы, сауатты 10 мың маман даярлайтын болса, мұның өзі – жетістік. Елімізде бағ­дарламашы-инженер мамандығын бітірген қаншама күзетші, даяшы, саудагер және тағы басқасы бар. Осы саланы оқыған неше мың адам нарықта жұмыс істеп жат­қан жоқ. Өйткені жоғары білім мен нарық бір-бірімен қабыспайды, деңгейлес емес", – деді Садық Шерімбек.


Оқи отырыңыз: Мусин отандық IT-компанияларға бірқатар жеңілдік беруді ұсынды


Сарапшының пікірінше, Қазақстанда ІТ маман­дығы бойынша университеттік білім алған жастарға жұмыс табу қиын.

"Елімізде жақсы маман дайындайтын 3-4 ЖОО бар шығар, оның өзінде ұстаздың білімінен емес, сол жерде қалыптасқан ізденуге құмар ІТ ортадан мамандар шыға­ды. Ал қалған университеттер диплом бе­реді, бірақ білімді, білікті маман дайын­дамайды. Өкінішке қарай, тіпті кейбір бетке ұстар білім ордаларының өзі өткен ғасырда қалып кеткен бағдарламалау тіл­дерін оқытады. Бұл оқу бағдарламасы ғылыми жұмыстар үшін пайдалы болатын шығар, бірақ, нарықты қамти алмайды", – деді сарапшы.


Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Бағдат Мусинге: Премьер-министрді ұятқа қалдырып отырсыз


Садық Шерімбек әлем елдерінің ІТ саласы бойынша жо­ғары білімнің қажеттілігін сезініп отырмағанына тоқталды. Бұл салада керісінше, өз бетімен ізденіп, жоба жасаған жастарға сұраныс бар.

"Қазақстанда университет бітірген мамандардың 5-10 пайызы нарыққа барып жұмыс істейтін шығар. Ал халықаралық компаниялардағы мамандардың 70-80 пайызы – басқа саладан келгендер", – деді Садық Шерімбек.