Айыптаушылар Қайрат Боранбаевты 6 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады
Сотталушылар кінәсын толық мойындап, 14,5 млрд. теңгенің залалын өтеген.Астана қаласының прокуратурасы Қайрат Боранбаевтың қылмыстық ісіне қатысты мәлімдеме жасады.
"Астана қаласының прокуратурасы Қайрат Боранбаевпен және басқа сотталушылармен "ҚазТрансГаз" АҚ-ның ақшалай қаражатын иемденіп (ҚК 189-бабының 4-бөлігі) және оларды заңдастыруға (ҚК 218-бабының 3-бөлігі) қатысты ісі бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасады", – делінген ресми хабарламада.
Оқи отырыңыз: Қайрат Боранбаев мемлекетке 90 млрд теңгенің мүлкін қайтарды
Прокуратураның түсіндіруінше, заң бойынша мұндай келісімді жасаудың міндетті шарттары сотталушылардың ерікті түрде ерік білдіруі, олардың тағылған айыппен келісуі, дәлелдемелерге дау келтірмеуі, залалды мойындауы және жәбірленушінің келісімі болып табылады. Сотталушылар кінәларын толық мойындауын және 14,5 млрд теңгенің залалын өтегенін ескеріп, жәбірленуші тараптардың келісімімен қала прокуратурасы процестік келісім жасау туралы шешім қабылдады.
Оның шарттары бойынша сотталушылар жасаған қылмыстарын мойындағандықтан Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановтың мүлкі тәркіленіп, әрқайсына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қолданса, ал Тайыр Жанұзақты 5 жыл бас бостандығынан айыра отырып, үшеуіде мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасының тағайындалуымен келісті.
Процестік келісім қарау және оны бекіту туралы шешімді қабылдау үшін сотқа жолданды.
Еске салайық, биыл 22 тамызда апелляциялық сатыдағы сотта істі қарау барысында сотталушылар кінәсін мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат берген болатын.